Жиынды «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Оның мақсаты жастардың өзекті мәселелерін анықтау, оларды шешу жолдарын қарастыру, жастар арасындағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша желілік жобалар әзірлеу, бірлескен жұмыс бағытын айқындау, ой тұжырымдау, сондай-ақ әлемдік геосаяси әрекеттестік мәселесіне жастарды тартуға, олардың қызығушылығын арттыруға көмектесу, өскелең ұрпаққа жағдай жасаушы ел ретінде Қазақстанның имиджін көтеру мәселесін қарастыру болды.
Басқосуды «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Жандос Базартай жүргізді. Форумға облыстық ішкі саясат, білім, денсаулық, мәдениет, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, туризм, спорт және денешынықтыру басқармасының өкілдері, облыстық, қалалық, аудандық, сондай-ақ жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарындағы жастар ұйымдарының жетекшілері, барлығы 100-ге жуық жас қатысты.
Форумда Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты С.Сахиев «Әлемдік геосаяси жағдайдағы Қазақстанның орны», облыс бойынша діни-психологиялық, құқықтық кеңес беру орталығының жетекшісі Т.Әбуов «Жастар арасында діни-экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары» тақырыптарында баяндамалар жасады. Осыған орай қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, шара соңында үндеу қабылдады.
www.kazinform.kz



